Quantcast
Channel: Мұғалімдер сайты
Viewing all 224 articles
Browse latest View live

БАЛАБАҚША, 8 НАУРЫЗ: «АНА – АСА ҚЫМБАТТЫ ЖАН»

$
0
0

Балабақша, 8 наурыз: «Ана – аса қымбатты жан»
ШҚО, Жарма ауданы
КМКҚ «Бастау» балабақшасы
«Балауса» тобының тәрбиешісі
Зейнелсадыкова Еркежан Серікжанқызы

Тақырыбы: «Ана – аса қымбатты жан»

Мақсаты: -мерекелік көңіл-күйін құру;
-ән және қозғалыс орындаушылық дағдыларын қалыптастыру;
-балалардың назарын жалпы әрекетте қатысу тілегін қалыптастыруға эмоциялық қабылдауын ынталандыру;
-өзінің жақын адамдарын қуанта білуге, мейірімділікке тәрбиелеу.

Кейіпкерлер: Жүргізуші, «Кәмпит-Ханшайым»

Ертеңгілік өткізуге қажетті құрал-жабдықтар: Безендірілген әсем зал, гүлдер, құмыра, сыйлықтар, әсем әндер жазылған үнтаспа, т.б

Ертеңгіліктің барысы:
Балалар залға қол ұстасып, жұптасып әдемі әуенде вальс ырғағында айналып, билеп өтеді. ( «Тәттім-ау» әуенімен)
Тәрбиеші: - Құрметті аналар, әжелер сіздерді әйел жанымен байланысты тамаша көктем мерекесі – 8 Наурызбен шын жүректен құттықтаймыз! Алғашқы көктем мерекесі Жер бетіне өмір сыйлаушы нәзік, ақылды, сымбатты, мейірімді жандарға арналғаны қандай тамаша мереке! Әлемдегі ең асыл жан ол – Ана десек, жүрегімізде сүйікті жанға деген махаббат сезімі оянады. Ана бұл аяулы да мейірімді жан. Баланың тілі шыққаннан – ақ бірінші сөзін «Ана» деп айтады. Өмірдің есігін ашқаннан соң осы өмірдегі өзіңнің жан анаңды көресің. Осы бір «АНА» деген үш әріптің аясында адамзат баласын қуаныш сыйлар қаншалықты қасиет бар десеңші! Ару - ана, Ару - асыл жар, Ару – көңілдің гүлі, Ару - өмірдің жыры, тіпті айта берсең сөз жетпейді. Олай болса, бүгінгі аналарға, әжелерімізге арналған «Балауса» тобының бүлдіршіндерінің «Ана - аса қымбат жан!» ертеңгілігіне қош келдіңіздер!

Барлық балалар хормен: Құттықтаймыз анашым, 8 - ші Наурызбен!
Тәрбиеші:
Той пердесін ашайық,
Тойға шашу шашайық.
Аналарды құрметтеп,
Ән маржанын шашайық.

Хор: «Ақ мамам»

Тәрбиеші: - «Ананың әрбір сөзі жылылыққа толы. Ананың көз нұры тастай мұзы да жібітеді»- демекші, балаларымыздың аналарына арнаған тақпақтарын қабыл алыңыздар!

Темірхан
Анам болса қасымда
Басқа бақыт не керек.
Анашымның жүрегі,
Мейірімді ғой керемет

Айым
Сенен өскен балалар,
Батырлар мен даналар,
Құттықтаймын мерекеңмен,
Құрметті Аналар!
К. Камила
Наурыздың сегізі,
Сұлулықтың негізі.
Әдемі сөз баланың,
Анаға айтар лебізі.

З. Камила
Аналарды сүйеміз
Ақылын ойға түземіз
Әжені де ардақтап
Әдеппен бас иеміз.
Жанель
Бәрімізге анамыз
Біз үшін күн боп жанасың
Құтты болсын мерекең
Құттықтаймын анашым!

Тәрбиеші:
Аналар ақ тілекті, сөз көп дейін,
Жылытар жүрегіңді көз көп дейін
Аналар ақ жаулықты бұл сіздерге
Қол соғып қарсы алайық «Мамочка биін»

Би: «Мамочка»
Тәрбиеші: -Балалар туған күнде, мерекелерде аналарымыз дастарханға қандай тәтті тағамдар салады.
-Дұрыс айтасыңдар, кәмпитті балалар да, үлкендер де жақсы көреді. Кәмпитсіз дастарханның сәні кірмейді. (әсем әуенмен залға «Кәмпит –Ханшайым» кіреді)

-Кәмпит-Ханшайым: (кіріп билейді)

Мен тәттімін,
Балалардың сүйікті дәмімін,
Мерекенің сәнімін,
Дастарханның әрімін.

-Сәлеметсіңдер ме, балалар, мені таныдыңдар ма? Мен, «Кәмпит-Ханшайыммын»
Балалар сендер өнерлеріңмен, білімдеріңді, үлгілі тәртіптеріңді көрсетіңдер.Ол үшін менің мына ыдыстағы үлкен кәмпиттер бар, онда әртүрлі тапсырмалар берілген. Сол тапсырмаларды ашып орындасақ қайтеді. Тапсырмаларды түгелдей орындасаңдар мереке соңында әкелген сыйлығымды үлестіремін. ( бір балаға ыдыстығы кәмпитті аштырады, тапсырманы барлық бала орындайды)
Тәрбиеші: -Расында да, бізге тәтті «Кәмпит-Ханшайым» қонаққа келіпті. Қараңдаршы, кәмпиттері көп екен, тәтті десе тәтті екен. Қане өнерімізді көрсетейік, тапсырмаларды орындайық.
1- кәмпиттегі тапсырма:
Ойын: «Қағаз киім» ( аналар ұлдарымен)
Ойын жарыс түрінде өтеді. Ұлдарымыздың аналары ортаға шығып сайысқа түседі.

2- Кәмпиттегі тапсырма :
Би: «Балапандар»

Тәрбиеші:- Бүгінгі мереке күні әжелерімізді де мерекелерімен құттықтаймыз. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» - деп бекер айтылмаған. Келесі әніміз сіздерге арналады құрметті әжелер.
3- кәмпиттегі тапсырма:
Ән: «Әжетайым» (ұлдардың орындауында)
Тәрбиеші: -«Кәмпит-Ханшайым» , енді сіз біздің балаларымыздың аналарына дайындап келген тақпақтарын тыңдаңызшы.

Айпара
Көктем келді жадырап
Күн нұрымен таласып,
Жайнай берші жарқырап
Жаны жайсаң аналар!

Р. Аружан
Апатайым анашым
Ақылы мол данасың
Қамқоршысы баланың
Гүлі сенсің әр үйдің.

Али
Анам менің анашым
Сені жақсы көремін
Мерекемен бүгінгі
Құттықтаймын мен сізді.

Анель
Құтты болсын анашым
Құтты болсын мерекең
Әр кез саған тілеймін
Ұзақ өмір жолдарын

4- кәмпиттегі тапсырма:
Ойын: «Кәмпит тасу» (аналары мен балалары)
5- кәмпиттегі тапсырма:
Би: «Бал биі»
Әдемі биден кейін балапандарымыздың тақпақтарын тыңдайық:
Ислам
Бізді өсірген анашым
Еңбегіңіз зор екен
Құтты болсын Анашым
Құтты болсын мерекең!

Жантемір
Жанымызды жайнатқан
Өзіңіз ғой аналар
Зор денсаулық, мол бақыт
Тілейміз біз балалар.

Ескендір
Қуанамыз сыйлаймыз
Қуаныштың мың гүлін
Аналарды құттықтап
Жырдан шашу арнаймыз.

Эсма
Жүзімізге қараңыз
Бал күлкілі баламыз
Бізге қымбат күн шуақ
Бізге қымбат аналар!

Елдар
Баланың да тірегі
Дананыңда тілегі
Ауырмасын ешқашан
Анамыздың жүрегі.

С.Аружан
Ана біздің күніміз
Ананың біз гүліміз
Балаларды қуантып
Ұзақ өмір сүріңіз.

Кәмпит-Ханшайым: -Балалар, сендер бүгін менің тапсырмаларымды өте жақсы орындап шықтыңдар. Сендерге көп-көп рахмет айтамын. Өздерің өнерлі, әдемі, тәртіпті екенсіңдер, мен сендерге ризамын. Енді мына қолымдағы ыдысты тәрбиеші апайларыңа беремін. Сендерге әкелген көптеген әртүрлі кәмпиттерім бар. Соны сыйлыққа бергім келіп тұр. Мен енді сендермен қоштасайын, басқа да балабақшада мерекелер болып жатыр соған барайын. (Кәмпит-Ханшайым балалармен қоштасып шығып кетеді)
Тәрбиеші:
Мерекені қарсы алып,
Мәз болғанда барша жұрт,
Гүл ұсынып қыздарға,
Сыйлық бердім мен өзім - дей отырып қыздарға арналған сыйлығымызды табыс етуге рұқсат етіңіздер. (Ұлдар қыздарға сыйлықтарын табыс етеді)

Тәрбиеші:
Бөбегіңнің сыйлығын,
Қабыл алшы анашым
Ұзақ өмір жүз жасап
Ауырмашы анашым!
Бәріміздің де анамыз бар, әжеміз, әпкеміз бар, қарындастарымыз бар. Жылына бір рет келетін осы аналар мейрамында аналарымызға қандай сыйлық жасасақ та жарасымды. Өйткені, бізді өмірге алып келген, бізге әлемнің жарығын сыйлаған - анамыз емес пе? Олай болса, әр баланың өзі дайындаған аналарына сыйлықтары бар екен, соны табыс етсін!

Аналар, қалқып бақыт аралында,
Лайым мұң қонбасын жанарыңа
Осымен кешімізді аяқтайық
Гүл бітсін бәріңіздің қадамыңа – дей отырып бүгінгі «Ана – аса қымбат жан!» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Ардақты аналар мейрамдарыңыз құтты болсын! Сау саламатта болыңыздар!
Балалар хормен: «Анамызға мың алғыс, баршаңызға мың алғыс!»
Қол ұстасып, әуенмен топқа кіреді.

Балабақша, 8 наурыз: «Ана – аса қымбатты жан»

 


1 наурыз – Алғыс айту күні

$
0
0

Қазақстан халқы 2016 жылы тұңғыш рет Алғыс айту күнін атап өтті. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын.

Алғыс айту күнін мерекелеудің жаңа дәстүрі «Мәңгілік Ел» бірлігін ортақ тарих және тарихи сана негізінде нығайту мен дамытудың мән-мәтінінде қазақстандық құндылықтарды бейнелейді.

Алғыс айту күні – ұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.

Алғыс айту күні – күрделі заманда иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматттарының бір-біріне құрмет білдіретін күн.

Президент Алғыс айту күні туралы: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын Барлық этностардың бір біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.

Осы күн тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні болады. Алғыс айту күні – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейрімділік пен ақ көңілдік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні.

Алғыс айту күні қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірлігіміздің, мәдени саналуандығымыздың жарқын күні, себебі Елбасы 100-ден аса этностың әрқайсысы өзінің қайталанбас өрнегін салуының нәтижесінде біздің Біртұтас Ұлтымыз бірегей артықшылықтар иесіне айналғанын атап өткен еді.

Алғыс айту күні – Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні.  

Әлем елдерінде    

Ал АҚШ және Канада халықтары  Алғыс айту (Thanksgiving Day) күнін  қараша айының әрбір төртінші бейсенбісінде атап өтетін көрінеді. Атаулы күн алғаш рет 1621 жылы ағылшындық колонистердің бастамасымен тойланған. Қыс мезгілі өте ауыр болып, адамдар аштыққа ұшырағандықтан губернатор Уильям Брэдфорд қол астындағылардың көңіл-күйін көтеру үшін Алғыс айту күнін белгілейді. Айналадағы басқа да көршілер бұл дәстүрді жылы қабылдап, қаһарлы қысты аман-есен өткереді. Рақмет айту күнінің басты нышандарының бірі – түйе тауық. Себебі, ағылшындық колонистер мерекені алғаш тойлағанда орманда атылған төрт түйе тауықты жеген екен.

Кейіннен, яғни, 1789 жылы Джордж Вашингтон Рақмет айту күнін «Ұлттық мереке» деп жариялаған. Бұл күні барлық отбасы міндетті түрде дастарқан басына жиналып, туыстарына жақсылық жасауға асығады, жақындарын қуанту үшін түрлі тосын сыйлар ойлап табады. Қаладағы метроларда ерекше үстелдер орнатылып, адамдар ақша, азық-түліктерін қайырымдылыққа әкеліп қояды. ХVІІ ғасырдан келе жатқан әр түрлі киімдерді киген тұрғындар шеруге шығып, думанды кештер ұйымдастырады.


 

Әзірлеген Айша КЕРЕЙ

el.kz

Қысқа мерзімді жоспар: Ы.Алтынсарин. Салақтық

$
0
0

 

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Боранқұл селосы

                            Опорный орта мектебінің бастауыш сынып

                           мұғалімі Танирбергенова Алия Мендибаевна.

 

Пәні:

 Әдебиеттік оқу

Сыныбы:   2 «Ә»

Күні  10.02.2016

Сабақтың тақырыбы:

Ы.Алтынсарин. Салақтық

Сілтеме:

2-сынып. Әдебиеттік оқу оқулығы «Атамұра» баспасы 2013ж   145-147 беттер

Жалпы мақсаттары:

1.Ы. Алтынсарин өмірі, шығармашылығы, еңбек жолы туралы білімдерін тереңдете түсу.  Ы. Алтынсариннің «Салақтық» әңгімесін  жан- жақты  талқылау.

2.«Салақтық» әңгімесінің  негізгі идеясын, тақырыбын, айтар ойын оқушылардың жүрегіне жеткізу. Оқушыларды өзіндік  талдау, жинақтау жасауға, ойлай білуге дағдыландыру, өз ойын толық жеткізе білуге төселдіру.

3.Педагог- жазушының халыққа берген бағыт-бағдарын  оқушылар бойына  дарыту, үлгі  ету.Оқушыларды салауатты өмір салтын сақтауға, жаман әдеттен аулақ болуға тәрбиелеу.

Оқыту нәтижесі:

 Оқушыларды мәтіннің мазмұнымен таныстыра отырып,мәтіндегі негізгі ойды,идеяны ұғынады.Өз ойларын,пікірлерін еркін айтуға,өз көзқарастарын дәлелдей білуге машықтанады,сабаққа деген қызығушылығы артады. Қорытынды жасап үйренуге, топтық жұмыс жасауға  дағдыланады.

 

Әйелдер туралы мақал-мәтел

$
0
0

Әйелдер туралы мақал-мәтел

Әйелдер жайлы айтылатын әңгіме де, қозғалатын тақырып та көп. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен әйелдер жайлы нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер қаншама. Назарларыңызға бағзы заманнан бүгінге дейін мағынасын бұзбай жеткен ата сөздерін ұсынамыз.

Әйел — үйдің қазығы.

***

Әйел – үйдің көркі,
Еркек – түздің көркі.

***

Асыл әйел – әрі еркек, әрі қатын.

***

Еркек – бас, әйел – мойын.

***

Жақсы әйел – теңі жоқ жолдас,
Түбі жоқ сырлас.

***

Инабатты болса әйел,
Өнегелі болса бала көрікті.

***

Жақсы әйел – ырыс,
Жаман әйел – ұрыс.

***

Үйді қырық еркек толтыра алмайды,
Бір әйел толтырады.

***

Жақсы қатын жаман еркекті адам етеді.

***

Ердің асылы күшінен білінеді,
Әйелдің асылы ісінен білінеді.

***

Әйелді бастан, баланы жастан.

***

Еркекке жүрек керек,
Әйелге тірек керек.

***

Ақылды әйел күйеуінің ойнап айтқанын,
Ойлап талдайды.

***

Ерге жаққан қатын елге де жағады.

***

Жақсы әйел жарының жақсылығын асырар,
Жамандағын жасырар.

***

Әйелдің ақылын жесірінде байқа,
Баланың ақылын жетімінде байқа.

***

Салақ қатынның үйінен,
Сабақты ине табылмас.

***

Айлас қатын мұңдас.

***

Жаман әйел төсегінен белгілі,
Жаман жігіт есебінен белгілі.

***

Жаман ерден жайдағым жақсы,
Жаман әйелден бойдағым жақсы.

***

Жақсы әйел – жарты иманың.

***

Ерін баққан әйел елін де бағады.

***

Ұятсыз әйел тұзсыз ас секілді.

***

Әйелдің абыройы – дақ түспеген ары.

***

Ері өліп ерге тисе – елдің жорасы,
Ері тұрып ерге тисе – беттің қарасы.

***

Бірінші әйел – шекер,
Екінші әйел – бекер.

***

Жаман қатын өлсе, төсек жаңғырады,
Жақсы қатын өлсе, бас қаңғырады.

***

Әйелі азған елдің ертеңі жоқ.

***

Заман бұзыларда әуелі әйел бұзылады.

***

Әйел ашуланса, екі көзіне әлі келеді.

***

Екі әйел басы қосылса,
Үшінші әйелдің соры.

***

Әйелдің күші жоқ, айласы көп.

***

Олақ қатын оймақшыл,
Салақ қатын сауықшыл.

***

Долы қатын – жылауық,
Сұғанақ қатын – сұрауық.

***

Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа.

***

Алтын басты әйелден,
Бақыр басты еркек артық.

***

Қатын бастаған көш оңбас.

***

Жаман әйел байына
Жалғыз атын сойғызар;
Жақсы әйел жолдасын
Жоқтан құрап тойғызар.

***

Байсыз әйел үйде тұрмас,
Баусыз оймақ қолда тұрмас.

***

Жақсы аттың тісін ашып қарама, киесі болады.
Қатыны жастың жұрт көзінше жасын сұрама, әр нәрсенің жүйесі болады.

***

Тыртақай жігітке,
Жыртақай әйел кез болар.

***

Елді қорғайтын – ерлер,
Ерлерді тәрбиелейтін – әйелдер.

***

Қатын ашуланса қазан қайнатар.

***

Қатынның шайпау болғаны – болмағаны,

Келіннің шайпау болғаны – оңбағаны.

***

Жақсы әйел – ері ұялар іс қылмайды.

***

Әйел асқақтаса, жылайды,
Еркек асқақтаса, құлайды.

***

Әйел ашуланса жеңіледі,
Еркелесе жеңеді.

***

Жетесіз әйел ер қадірін білмес.

***

Жақсы әйел – жігіттің жақсы қылар жаманын,
Ұшқыр қылар шабанын.
Жаман әйел – жігіттің тайдырады табанын,
Тар қылады заманын.

***

Қатын алма, қайын ал.

***

Еркек үйдің – иманы,
Әйел – үйдің жиғаны.

***

Сұлу әйелдің күйеуі қарауыл.

***

Атың жаман болса, сатып құтыларсың,

Әйелің жаман болса, қайтып құтыларсың.

***

Жаман қатын алғанның жауы үйінде,
Екі қатын алғанның дауы үйінде.

***

Екі сиырың болса, айран болар,
Екі қатының болса, ойран болар.

***

Әкесінің ақшасына үйленген,
Әйелінің қадірін білмейді.

 

Дереккөз: http://massaget.kz/

Ағылшын тілі ҰБТ-да міндетті пәндердің бірі болуы мүмкін

$
0
0

 

Ағылшын тілі ҰБТ-да міндетті пәндердің бірі болуы мүмкін

Ағылшын тілі Ұлттық бірыңғай тестілеуде міндетті пәндердің бірі болуы мүмкін. Бұл туралы ОКҚ баспасөз мәслихатында ҚР білім және ғылым вице-министрі Тәкір Балықбаев айтты.

"(...) Біз әріптестеріміздің тәжірибесін енгізгелі жатырмыз. Ресейде 2021 жылдан бастап ағылшын тілін енгізеді, сондықтан ағылшын тілін міндетті пәндердің бірі ретінде енгізу  бұл да болуы мүмкін. Біз қазіргі уақытта Ұлттық бірыңғай тестілеуімізді өзгертуді жоспарлап отырмыз. Форматының қандай болатынын кейін айтып береміз", − деп түсіндірді Балықбаев үш тілді білім беру моделіне өткеннен кейінгі жағдай туралы сұраққа жауап бере отырып.

Білім және ғылым министрлігінің өкілдері 2015 жылдың қарашасында "2015-2020 жылдарға арналған үш тілді білім беруді дамыту жөніндегі Жол картасын" бағдарламасының бекітілгенін түсіндірді. Бұл бағдарлама үш тілді меңгеруге бағытталған.

2013-2014 оқу жылында үш тілі білім беру аясында орташа білім беру жүйесінде ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқыту енгізілген болатын. 2016-2017 оқу жылында бұл оқушылар бастауыш мектепті бітіреді. Сонымен қатар 2016-2017 оқу жылында бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту бір сағатқа созылады. Мәселен, бірінші сыныпта аптасына 2 сағат оқытылады, ал қалған екінші, үшінші, төртінші сыныптарда − 3 сағаттан.

2018-2019 оқу жылында, 6 сыныптан бастап еліміздің барлық мектебінде оқу тіліне қарамастан "Қазақстан тарихы" қазақ тілінде, "Дүниежүзі тарихы" орыс тілінде оқытылады.

2019-2020 оқу жылында жоғары сыныптарда мектептің таңдауымен "Информатика", "Химия", "Биология", "Физика" пәндері ағылшын тілінде оқытылады.

"Тапсырмаларымыздың аясында 33 орта мектепте сынақ тәртібінде үш тілді білім беруді енгіздік. Бүгінде үш тілді білім беру 117 мектепте жүргізіліп жатыр. Бұл − 63 мың оқушы немесе елдегі жалпы оқушылардың 2.3 пайызы. Әрине, бұл мектептерде қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілін тереңдетілген тәртіпте оқыту қарастырылып отыр. Сонымен қатар жаратылыстану ғылымындағы кейбір пәндерді оқыту ағыдшын тілінде жүзеге асырылады", − деді вице-министр.

Оның айтуынша, бүгінде 42 жоғары оқу орнында ағылшын тілінде оқытудың арнайы бөлімшелері ашылған.

Дереккөз:Tengrinews.kz

8 наурыз мерекесін құрбыларымызбен қалай тойлаймыз?

$
0
0

 

8 наурыз мерекесін құрбыларымызбен қалай тойлаймыз?

Өмірдегі маңызды адамдардың бірі – жақын құрбыларымыз. Олар әрдайым мұңымызды тыңдап, қуанышымызға ортақтасады. Егер 8 наурыз мерекесін құрбыларыңызбен тойлаймын деп шешсеңіз, кешті көңілді өткізу үшін бірнеше идея ұсынамыз.

Балалық шақты еске түсіру

Кешке жиналмас бұрын барлығына тапсырма беріңіз. Құрбыларына байланысты немесе өзінің сәби кезінен бастап қазіргі кезге дейінгі ескі әрі қызықты 20 сурет алып келуін сұраңыз. Не үшін екенін айтпаңыз. Суреттердің бір сарынды болмауын ескертіңіз. Бәрі жиналған соң, әркім өзі әкелген суреттерге қарап, 10 минуттан аспайтын әңгіме құрастыруын сұраңыз. Нәтижесінде, барлығы өзі туралы айтып береді және балалық шақты еске түсіріп, көңіл көтересіздер. 

Шығармашылық байқау

Егер құрбыларыңыз шығармашылыққа жақын әрі өз дарынын көрсетуден қысылмайтын болса, шағын көрсетілім сұраңыз. Мысалы: шағын қызықты әңгіме айту, өлең оқу, ән айту және т.б. Күнделікті өмірде өз қабілетімізді көрсете бермейтін кездер болады. Сондықтан құрбыларыңызға қабілетін көрсетіп, ашылуға мүмкіндік беріңіз.

Мастер-класс

Кешті әдеттегідей әңгіме айтумен өткізбей, пайдалы өткізгіңіз келсе, бәріне ұнайтын және соны бірігіп орындайтын іс дайындап қойыңыз. Мысалы, барлығыңыз бірігіп әшекей жасаңыздар. Ең бастысы бұл кешті алдын ала ойластырып, барлық керекті заттарды дайындап қою қажет. Барлығыңыз ұнататын тамақты бірігіп дайындауға болады. Алдыңғы материалда сушиді үй жағдайында жасаудың жолын көрсеткен болатынбыз. 

Караоке

Кешке ең жақын құрбыларымызбен жиналғанда, мінсіз есту қабілетіміз болмаса да, даусымыз керемет болмаса да, уайымдамай-ақ қойсақ болады. Егер үйіңізде караоке болса, сүйікті әндеріңізді бірігіп айтыңыздар. Ол кештің көңілді өтуіне бір себеп болады. Қарапайым DVD-ге микрофон жалғап, караоке диск салып та ән айта беруге болады. 

Тақырыптық кеш

Кешке алдын ала тақырып қойыңыздар. Сол тақырыпты кештің басынан аяғына дейін сақтаңыздар. Бөлмені де сол тақырыпқа байланысты безендіріп, өздеріңіз де соған байланысты киініңіздер. Мысалы: "Атақты жұлдыздар", "Поэзия кеші", «White party», "Мінсіз қыз құпиясы", "Балалық шақ".

Үстел ойыны

Үстел ойындары кішкентай балалардың ойыны деп ойласаңыз, қателесесіз. Қазір мектеп оқушыларына, үлкендерге арналған және отбасылық үстел ойындары да көптеп сатылады. Талғамыңызға қарай кез келген қызықты ойын таңдап алсаңыз болады. 

Естелік үшін сурет

Кеште суретке түсуді ұмытпаңыздар. Суреттер жылы естелік болып қалатыны анық. Алайда кештің басынан аяғына дейін ұялы телефон ұстап отырмаңыздар.

 

Дереккөз: http://massaget.kz/

8 наурыз. Сүйіктімізге не сыйлаймыз?

$
0
0

 

8 наурыз. Сүйіктімізге не сыйлаймыз?

Жылдың ең көрікті де қуанышты мезгілі 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күні де таяу қалды. Бұл − құшақ-құшақ гүл арқалаған ерлер сабылып, нәзік жандыларды құттықтауға асығатын күн. Ал сіз әлі күнге дейін сүйіктіңізге не сыйлайтыныңызды білмей жүрсіз бе? Мүмкін сіз massaget.kz порталы ұсынған кеңестерге құлақ түрерсіз.

Сүйіктіңізді таңертенмен құттықтау маңызды әрі бұл күтпеген тосын сый болады. Егер сіз сүйіктіңізді кешкісін құттықтайтын болсаңыз, онда мереке бұзылды дей беріңіз. Себебі ғашығыңыз күні бойы сіздің құттықтауыңызды күтіп, жалғызсырайды. Әрине, барлық қыз бірдей емес, әрқайсысы жеке тұлға. Алайда сыйлық таңдауда ескерілетін ортақ дүниелер бар.

Ең тиімді шешім, әрине, гүл сыйлау. Арнайы уақыт бөліп, сүйіктіңізге гүлді өзіңіз келіп сыйласаңыз, қуанып қалары сөзсіз. Ал уақытыңыз болмаған жағдайда хат жазып, гүлді таңертенмен курьер арқылы жіберуге болады.

Классикалық сыйлықтардың бірі − әдемі әшекей бұйымдар. Қымбат тастардан болуы міндетті емес. Арзан емес, бірақ сапалы металлдан жасалған кішігірім сақина немесе алқа сыйлап, әдемі қорапшаға салуға болады. Әйелдер қауымы үшін сыйлықтың безендірілуі және сіздің көңіліңіз маңызды.

Романтикалық кеш. Сүйіктіңізді мейрамханаға немесе кафеге шақырып, көзіне қарап, оны қалай бағалап, ұнататыңызды айтыңыз. Егер ақындық қасиетіңіз болса, жарыңызға арнайы өлең шығарсаңыз болады.

Ерекше сый. Сүйіктіңіз суретке түскенді жақсы көрсе, оған кәсіби фотосессия ұйымдастырыңыз. Осылайша сіз оның сұлулығына қызыға қарайтыңызды көрсетесіз.

Күтпеген тосын сый. Сұлуыңыздың жұмысына немесе оқу орнына үлкен гүл және шармен келіп, оны барлығының көзінше сыйлаңыз. Айналадағылардың көңілі мен көзқарасы қызыға түскенде, ол бақытты болып, сіздің қалай бағалап, сүйетіңізді біледі. Көпшілік назарын ұнатпайтын қыздар да бар, сүйіктіңіз бұл әрекетке көзқарасын алдын ала анықтаңыз.

Бұл кеңестерден кейін жарыңызға 8 наурызға не сыйлау керек екенін жақсылап ойластырыңыз. Сонымен қатар сүйіктіңізге әрдайым көңіл аударып, қамқорлық көрсетуді 8 Наурыз мерекесінде жылына бір рет қана еске алмай, басқа күндері де қуантып тұрыңыз. Сонда ғана сіздің сүйіктіңіз гүлдей жайнап, жарқырап жүреді.

Дайындаған: Дания Күзембаева

Дереккөз: http://massaget.kz/

 

Қазақша сценари: 8 наурыз мерекесіне арналған сценарий

$
0
0

 

8 наурыз мерекесіне арналған сценарий

Ардақты да аяулы аруларымыздың, аналарымыздың мерекесі 8 наурызда жоғары сынып оқушыларының мектеп оқушылары мен ұстаздарына, аналарына арналған «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» атты кештің сценарийін ұсынамыз:

Мақсаты: Анаға деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру, ананы құрметтеу, сыйлай білуге, оқушылар бойындағы жеке қабілеттері мен таланттарын дамыту, адамгершілікке, ізгілікке, достықты қастерлей білуге тәрбиелеу.

1-жүргізуші: 
Біз ғана емес, қадір тұтқан бабалар.
Аналардан туған небір даналар.
Ана деген тіршіліктің тірегі,
Армысыздар, қасиетті аналар!

Кеш жарық, қымбатты ұстаздар, аналар, арулар! Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, тағы да 8 наурыз халықаралық әйелдер күні келді. Осынау көркем мерекенің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны, аналарға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Олар – өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі тек аналармен ажарлы. Бүгінгі арайлап атқан нұрлы таңмен бірге әрбір сәби жүрегі өзің деп соқса, бүгінгі мерекелік «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» атты кешімізді ашық деп жариялаймын! Қош келіпсіздер! 

2-жүргізуші: 
Десек те уақытпенен жарыспайды,
Қияға қиялменен қарыштайды.
Шәкірттер шын жүректен тебіреніп
Өнерлерін анаға бағыштайды, - дей келе ортаға ...сынып оқушыларының сіздерге арналған тартуларын қабыл алыңыздар. Барлығы хормен «Мерекелеріңізбен» деп айтады. 

1-жүргізуші: 
Ақ тілекті ағытып бір тастайық,
Аналардың мерекесін бастайық.
Көздеріңнен көрем шаттық арайын,
Өтсін солай әрбір күнің, әр айың, – дей келе құттықтау сөз кезегі мектеп директоры (апайға немесе ағайға) беріледі.

2-жүргізуші: 
Көңілің Алатаудың ақ қарындай,
Мейірімің күннің шуақ шақтарындай.
Қалайша аяулы ана тына алармын,
Ән болып сағыныштан ақтарылмай, - деп абзал аналарымыз бен қырмызы қыздарымыздың құрметіне_________орындауында «Анашым» атты әнін қабыл алыңыздар!

1-жүргізуші: 
Әлемдегі ең ақылды, дана боп, 
Нұрын шашар жақсыларға пана боп. 
Кім-кім болсын сені алақанында, 
Мейірлене ешкім сүймес ана боп. 

2-жүргізуші: Алақаны жылылықтан балқыған, 
Бір күлкісі бар әлемді шарпыған. 
Бұл сезімге ие болған барша жұрт, 
Әрқашан да мол байлықта шалқыған, – дей отырып ұл-қыздарыңыздың жүрекжарды тілектерін қабыл алыңыздар!

1-оқушы: Жарты жанын бөліп беріп балаға, 
Ақ сүтімен әлдилеген бар ана. 
Қиын күндер кешсе дағы басынан, 
Міндет етпей жүрген адам сол ғана. 

2-оқушы: Қасиетті жұмақ кілті табылар, 
Алыс кетсең алаңдар да сағынар. 
Аналарын сыйламаған адамдар, 
Қашан болсын өз ісінен жаңылар. 

3-оқушы: Анасыздар, әр үйге панасыздар,

Бала десе от болып жанасыздар.
Сәтті басса ұрпағың,- мерей тасып,
Қыз күлкісін сусын қып қанасыздар.

Анасыздар — Ақ Еділ, Жайықсыздар -
Жүзе алмайды өтінде қайықсыздар.
Маздататын, жүректе от лаулататын,
Әр үйдің Күні десе, лайықсыздар.

4-оқушы: Аналық алтын борышың,

Жүр әлі менің арқамда.
Көтеріп сізді сол үшін,
Меккеге күнде барсам ба?!

Ақ маңдайыңның әжімі,
Жылдардың ізі шуақты.
Омырауыңның ақ сүті –
Өтелмес қарыз сияқты.

5-оқушы: Аппақ қар болып шашың да,
Ағарып кетті-ау, жан анам.
Ақындығым да, даңқым да,
Қормалым сенің садағаң.

Өсіру мені о бастан,
Машақат еді не деген.
Ақ армандарды қууға,
Ақ тілегің ғой жебеген.

6-оқушы: "Əке, əке, сен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Айтшы енді, ана жайлы ең жақсы сөз не?" деді,

Ана жайлы...
Ана жайлы пайғамбарлар сəлемі,
Ана жайлы ақындардың өлеңі.

Ана жайлы - қара жердің төзгені,
Ана жайлы - уақыттың безбені,
Ана жайлы айтылмаған бір сөз болса əлемде,
Ол да ананың айта алмаған сөздері.

Ана жайлы жақсы сөзді есту үшін тыңда, ұлым,
Тыныштықты, Тауды, Көлді, Ай сəулесін, Күн нұрын,
Ана жайлы сенің тəтті қиялдарың, арманың,
Ана жайлы менің барлық шындығым.

Мен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Мен де анамды жақсы көрем, себебі!
Білесің бе, бұл əлемге адамдар,
Ана жайлы айту үшін келеді!

Адамзаттың ең бір асқақ бар əні,
Жыр еткемен, пір еткенмен ананы,
Бұл өмірді қалай сүріп өткені - 
Ана жайлы айтқан сөзі болады.

Ана жайлы - кең дүние - бесігің,
Ана жайлы аманат пен кешірім,
Анаң үшін ең жақсы сөз дүниеде - 
Ұлым, сенің есімің!.. (Ерлан Жүніс)

1-жүргізуші: 
Теңіздей тербетіліп көл бетінде,
Бишілер билеп кетті тербетіле.
Аққудай қалықтаған теңіздегі,
Бишілер өнерлерін көрсетуде, - дей отырып келесі кезекті мың бұралған бишілерге береміз. 

2-жүргізуші: 
Ана деген – бастауы ұлылықтың
Ана деген - рәмізі сұлулықтың
Ана деген - бір жыр бар шырқалатын
Асқақтатар биікке ұрпақ атын
Олай болса _________ қарсы алайық
Дауысына сүйсініп тамсанайық
Ерке ұлдың талантына тәнті болып,
Уа, халайық, жұмыла қол соғайық!
Ән: Орындайтын: ______________

1-жүргізуші: 
Әркімнің де өмірден аласы бар,
Аласы бар адамның анасы бар.
Мерекесін құттықтап аналардың,
Өнерлерін жолдайтын апалардың баласы бар деп «Сегіз сері» КВН командасын ортаға шақырамыз. (Жігіттерден құралған топ аналар, ұздаздар, қыз-келіншектер жайында қызықты әзілдер айтады).

2-жүргізуші: 
Домбыра, күмбірлеші күніндей боп қазақтың
Өзіңменен бірге жүргем ұзақ жолында азаптың
Үніңменен жазылады жарасы
Үніңменен жалғанады ұрпағым, – деп ақын ағаларымыз жырлағандай ________________  орындауында «Адай» күйі.

1-жүргізуші: 
Ару - Ана өмірдің асылдары,
Жайнасын көңілімнің жасыл бағы.
Сендер үшін ән мен жыр шырқалуда,
Сендер үшін мереке шашулары, - дей отырып __________________ орындауындағы тамаша әнді қабыл алыңыздар.
2-жүргізуші: 
«Бала, бала, бала» деп,

Бізді өсірген анашым.

Гүлге толып, құшағың,

Бақытты бол, анашым.

1-жүргізуші:  
Қамымды ойлар күн- түні,

Анам- менің көктемім.

Ақтай алсам, үмітін,

Арманыма жеткенім, – дей отырып ...сынып ұлдарының ұзтаздар мен аналарға арнап жасаған шағын дүниелерін қабыл алыңыздар! (Сынып ұлдары аналары мен ұстаздарының қызықты суреттері мен даналы сөздер арқылы слайд жасап, көрсетеді).

2-жүргізуші:  
Күнінде гүл көктемнің нұрын шашып,
Жасқанбай әр қадамын нық - нық басып,
Биімен көрерменді тәнті ететін
Арулар келді міне толқып, тасып. Ортада «Қазақ» биі қарсы алыңыздар!

1-жүргізуші: 
Аналарды сүйеміз,

Ақылын ойға түйеміз.

Аналарды ардақтап,

Әдеппен бас иеміз!

2-жүргізуші: 
Ана деген жан екен,

Ана деген ән екен.

Ұстаз-ана, әжелер,

Үстем болсын мерейің, – деп ортаға ...сынып оқушыларының аналарын шақырып, келесі кезекті «Тапқыр бала» ойынына береміз. (Оқушылар көзін орамалмен байлаймыз. Өз аналарын табуы керек).

1-жүргізуші: Ана – барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тіршіліктің қайнар бұлағы. қазақ әйелінің дастарханы тоқ, қонағы ырза, дүниесі түгел. Олар үшін бірінші орында отбасының берекесі тұрады. Бөбегін бесікке бөлеп, әлдилеп аялаған ана бақыт құшағында емес пе?!

2-жүргізуші: Жанұяның жылуын суытпай, тал бесікті тербей отырып, тебірене толғар бесік жыры арқылы аңыз ертегілері мен жақұт жырлары арқылы ұрпағының бойына адамдық қасиеттерді дарытып отырған аналардың құдіретті сезімдеріне арналған әсем әнді қабыл алыңыздар. __________орындауында «Анамызға мың алғыс» әні.

1-жүргізуші: 
Бір өзіңнен бастап өмір жолдарын,
Жүрегіңе, жүрегімді жалғадым.
Өзің мына сыйға берген өмірде
Ақ сүтіңді ақтап өту - арманым.

2-жүргізуші: 
Барша ана, құтты болсын мерекеңіз
Әрқашанда ана сізбен берекеміз.
Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам.
Сонда біз кісілікке теңесеміз, – деп келесі кезекті оқушылар арнауына береміз. (Үш оқушы шығып, анаға, ұзтазға, қыздарға арнауын немесе шығарма оқиды).

1-жүргізуші: 
Кең кеудеңе гүл болып тағыламын,

Жұлдызындай көгінде жағыламын.

Алыс кетсем аңсаймын сағынамын,

Анам менің, асылым, лағыл әнім. Алдарыңызға әнші қыздарыңыз ____________орындауындағы «Ана» атты әнін қол соғып қошеметтеп қарсы алыңыздар!

2-жүргізуші:  
Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым,

Тәтті ұйқыңды бөліп талай түн қаттың

Өміріме нәрін берді ақ сүтің,

Кең құшағың аясындай гүл бақтың.

Ер жеткізіп елге берген баласын,

Ақылдысың, ардақтысың, данасың!

Қарайтыным қас-қабағың бір сенің,

Қайратыңнан қайта көрме, анашым!

1-жүргізуші: 
Дүниедегі ең кемеңгер дананы

Ана табады, аялайды, бағады.

Сол үшін де құдіретіне бас иіп,

Құрметтейік қасиетті ананы, – деп көрермендеріміз аналар жайлы даналық сөздерді қаншалықты біледі екен? Байқап көрейік? Ойын шарты: Біз мақалдың басын айтамыз, сіздер жалғасын табуларыңыз керек. Ең көп тапқан көрерменімізге сыйлығымыз бар. 

1. Алып анадан туады,

    Ат биеден туады.

2. Ананың алақаны – балаға айдынды қоныс.

3. Ана сүтін ақтамағанды ешкім жақтамайды.

4. Атыңа ауыр жүк артпа,

   Анаңа ауыр сөз айтпа.

5. Анасын сыйламағанды адал деме,

    Ұстазын сыйламағанды адам деме.

6.Тапқан ана емес, баққан ана.

7. Анаңа рақым етпесең,

    Балаңнан рақым күтпе.

8. Анаға баланың алалығы жоқ.

9. Ердің анасы – елдің анасы.

10. Ананың ізін қыз басар,

     Әкенің ізін ұл басар.

11. Анасын сүйгеннің баласын сүй.

12. Анасын көріп қызын ал,

     Аяғын көріп асын іш.

1-жүргізуші: 
Аяулысың, ауылымның асылдары,

Жайнасын көңілдердің жасыл бағы.

Сендер үшін ән менен күй, өлең мен би,

Сендер үшін мереке шашулары,-деп алдарыңызда «Үнді» биі.

2-жүргізуші: 
Көңілің Алатаудың ақ қарындай,

Мейрімің күннің шуақ шақтарындай.

Қалайша аяулы ана тына алармын

Ән болып сағыныштан ақтарылмай,-деп абзал аналарымыз бен ардақты ұстаздарымызға арнап «Ана туралы жыр» әні. (Осы уақытта оқушылар аналар мен ұзтаздарға гүл шоқтарын ұсынады).

1-жүргізуші: Осы айтылғандардың бәрі шындық, бәрі шын, аналар ажалдан күштірек, жапанға бір тоқтамсыз данышпандарды, ақындарды, ерлерді тауып беретін аналар. Барлық жақсылықты себетін де аналар. Ендеше сол аналар алдында бас иелік! 
Мерекелік кешімізді қорытындылау үшін сөз кезегін ________________ береміз.

2-жүргізуші: Қайран ана, өз перзентін әдемі не ұсқынсыз, ақылды не ақымақ, мейірімді не рақымсыз, кесір-қырсық болса да бәрібір шексіз сүйеді. Дүниеде ананың көз жасынан салмақты, одан ауыр таразы басын басатын ештеңе жоқ. Өйткені ананың көз жасы өзінің киесімен ауыр.

1-жүргізуші: Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды, оны көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп аяғынан тік тұрғызады. Өмір есігін жаңа ашқан баланың бойына елінің рухын сіңіретін, жылуын тарататын ана. Ана баланың амандығын, бақытты, абыройлы болуын тілейді. Бойымыздағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Ендеше, анамызды сыйлап, құрметтейікші! Осымен бүгінгі «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» атты мерекелік кешіміз аяқталды. Көңіл қойып тамашалағандарыңызға көп - көп рахмет! Келесі кездескенше аман-саболыңыздар! 8 наурыз құтты болсын! Тағы да мерекелеріңізбен!

 

Дереккөз: http://massaget.kz/


8 наурызда қыздарға не сыйлауға болмайды?

$
0
0

 

8 наурызда қыздарға не сыйлауға болмайды?

Көктеммен бірге көңілге қуаныш пен шаттық әкелетін аяулы аналарымыздың және аруларымыздың төл мерекесін бәріміз де асыға күтеміз. 8 наурыз мерекесінде ерлер сыйлық іздеп, тосын сый жасауға тырысады. Алайда сүйіктіңізді мереке күні қуантамын деп, керісінше ренжітіп алмаңыз. Себебі кейбір сыйлықтарды сыйламаған жөн.

Арықтауға арналған құралдар немесе фитнеске абонемент. Егер сүйіктіңіз дене бітіміне көңілі толмайтын болса, сіз оған араласпауыңыз керек. Тіпті сіз оның соңғы 1-2 аптада тәтті тағамдардан бас тартпайтынын байқасаңыз да, сүйіктіңізге ешқашан да таразы cыйламаңыз.

Әжімдер мен безеулерге қарсы иісмайлар. Кез келген әйел ер адам өзінің бет-әлпетіне аса мән бермейді деп ойлайды. Ал егер сіз сүйіктіңіздің кемшіліктерін байқағаныңызды түсінсе, әрине, оны ренжітіп аласыз. Сондықтан да жігіттердің ұсақ-түйек нәрселерді назардан тыс қалдыру керек екенін ұмытпаңыз.

Үй жануарлары. Сүйіктіңіз үй жануарларын қатты жақсы көрсе де, ол 8 наурызда өзіне сыйлық ретінде мысық немесе итті алғысы келмейді. Әйтпесе, сыйлығыңыз сол күні-ақ өзіңізбен бірге қайтады.

Иіссу немесе косметика. Ойлап қарасаңыз, иіссу немесе косметиканы сыйлау кең таралған. Алайда иіссу таңдауда талғамыңыз болса. әлде сүйіктіңіздің қандай ерін далабын қалайтынын білсеңіз, қорықпай ала берсеңіз болады. Дегенмен таңдау жасағанда күмәндансаңыз, сатушымен ақылдасқан дұрыс.

Жейде немесе белдемше. Сіздің көзіңіз қаншалықты өткір болса да, сүйіктіңіздің киім мөлшері XS немесе S екендігіне кепілдік берілмейді. Сондықтан тәуекелге бармаңыз, қателесіп қалу қаупіңіз бар.

Екі адамға арналған туристік жолдама. Әрине, бұл тосынсый болары сөзсіз. Бірақ бұл идеядан бас тартуға бірнеше себеп бар. Біріншіден, мүмкін сүйіктіңіздің ол уақытқа басқа жоспарлары бар шығар. Екіншіден, сіз жолдаманы Турцияға алып, ал сүйіктіңіз Парижге баруды армандап жүрген болар. Сондықтан мұндай сыйлық жасаудың алдында сүйіктіңізбен немесе құрбысымен ақылдасқан жөн.

Ақшалай сыйлық. Әрине, сыйлық алуға уақытыңыз болмай немесе сыйлықты онлайн жеткізу жағынан қиындық тууы мүмкін. Бірақ ең басты сыйлық − ол сіздің ілтипатыңыз. Аруларымызға көңіл бөлуді ұмытпаған жөн. Сол себепті конвертке салынған ақшаны сүйіктіңіз дұрыс көңіл бөлмегеніңіздің белгісі деп түсінуі мүмкін.

Тұрмыстық техника. Қандай жағдайда да 8 наурызда сүйіктіңізге шаңсорғыш, тоңазытқыш немесе қысқа толқынды пеш сыйламаңыз. Ондай бұйымдарды басқа күні де сыйлауға болады. Кез келген әйел бұл күні өзін «үй шаруасындағы әйел» статусында сезінгісі келмейді.

Дегенмен адамның ыстық ықыласынан асқан сыйлық жоқ. Сондықтан сүйіктіңізді әрдайым қуантып, тосын сыйлар жасауды ұмытпаңыз. 

Дайындаған: Мөлдір Қалықова

Дереккөз: http://massaget.kz/

Аналар жайлы мақал-мәтелдер

$
0
0

Аналар жайлы мақал-мәтелдер

Алда 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесі жақындап келеді. Мереке алдында аяулы аналарымыз туралы айтылған мақал-мәтелдерді топтастыруды жөн көрдік. Ендеше, бағзы заманнан бүгінге дейін мағынасын бұзбай жеткен ата сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.

***

Ана – біреу, ағайын – алтау.

***

Алып анадан туады,

Ат биеден туады.

***

Ердің анасы – елдің анасы.

***

Анасын сүйгеннің баласын сүй.

***

Ананың ізін қыз басар,

Әкенің ізін ұл басар.

***

Анасын көріп қызын ал,

Аяғын көріп асын іш.

***

Ананың алақаны – балаға айдынды қоныс.

***

Ана сүтін ақтамағанды ешкім жақтамайды.

***

Атыңа ауыр жүк артпа,

Анаңа ауыр сөз айтпа.

***

Ана баласын арыстанның аузынан алады.

***

Мылқаудың тілін анасы біледі.

***

Анасын сыйламағанды адал деме,

Ұстазын сыйламағанды адам деме.

***

Ана тілін алмаған – арсыз.

***

Тапқан ана емес, баққан ана.

***

Ананың қақы – Құдайдың қақы.

***

Анаңа рақым етпесең,

Балаңнан рақым күтпе.

***

Анаға баланың алалығы жоқ.

 

Дереккөз: http://massaget.kz/

8 наурыз. Қыздар туралы мақал-мәтелдер

$
0
0

 

8 наурыз. Қыздар туралы мақал-мәтелдер

"Қыз қонақ" деп сыйлаған қазақта қызбаланың орны ертеден қадірлі, бағалы болған. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бағзы заманнан айтылып келе жатқан қыздар жайындағы мақал-мәтелдерді ұсынуды жөн көрдік.

Ұлым – ұяға,
Қызым – қияға.

***

  Қыз — ауылдың көркі,
Құндыз болса, бөркі.

***

Қыз жоқ жерде қызық жоқ.

***

Қызға бергенді Қыдыр өтер.

***

Қызды таныс алады,
Таныс алмаса, қоныс алады.

***

Қызыңды жеріне бер,
Жер ыңғайы келмесе, еріне бер.

***

Қызды қартша сына,
Атты жігітше сына.

***

Қызым үйде, қылығы түзде.

***

Астың дәмін тұз келтірер,
Ауылдың сәнін қыз келтірер.

***

Бір жақсы қыз,
Екі жаман ұлға татиды.

***

Жерді шым, елді қыз біріктіреді.

***

Суды құм бөгейді,
Дауды қыз бөгейді.

***

Қой жүрген жер – береке,
Қыз жүрген жер – мереке.

***

Ақылды қызға ана көп,
Аяулы жанға пана көп.

***

Бесін болса, күн тұрмас,
Күйеу келсе, қыз тұрмас.

***

Шыққан қыз шиден тысқары.

***

Теңін тапса, тегін бер.

***

Қалыңсыз қыз болса да,
Кәдесіз қыз болмайды.

***

Қыздың баласындай, қолдың саласындай.

***

Қысыла-қысыла қыз болдым.

***

Қыз күнінде бәрі жақсы,
Жаман қатын қайдан шығады.

***

Қымызды кім ішпейді,
Қызды кім айттырмайды.

***

Ас таңдасаң, аяғына қара,
Қыз таңдасаң, анасына қара.

***

Күндес көргеннің қызын алма.

***

Жақсы қыз біреу келсе, есік ашар,
Жаман қыз біреу келсе, төрге қашар.

***

Тұзды көп сақтама, су болады,
Қызды көп сақтама, күң болады.

***

Қарты бардың хаты бар, 
Қызы бардың назы бар.

***

Өзі болған қыз төркінін танымас.

***

Жақсы қыз – жағадағы құндыз,
Жақсы жігіт – төбедегі жұлдыз.

***

Біреудікі біреуге қыздай көрінер.

***

Отырған қыз орнын табар.

***

Аш кісі май таңдамас,
Кәрі қыз бай таңдамас.

***

Ойының бекімі жоқ қыз қырық құбылады.

***

Қызды жеңге,
Жеңгені теңге бұзады.

***

Қызбен алыспа, қысырақпен жарыспа.

***

Ақылды қыз білімге жүгірер,
Ақылсыз қыз сөзге ілігер.

***

Қыдырымпаз шешенің қызы бастаңғышыл.

***

Жазымсыраған қыстан без,
Жасымсыраған қыздан без.

***

Қызы бар ауылдың қыдыры бар.

***

Қыздың жолы жіңішке.

***

Қызым, саған айтамын,
Келінім, сен тыңда.

***

Ананың көңілі қызында,
Қызының көңілі қызылда.

***

Ұлға – түтін, қызға – күтім.

***

Сұлу жігіт – ел көркі,
Сұлу қыз – үй көркі.

***

Қыздың көркі – кигені,
Жігіт көркі – сүйгені.

***

Қыз бала – өріс.

***

Қыздың тамағы қылдай.

***

Қыздың қырық жаны бар.

***

Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?

***

Қыз өссе – үйге жұт,
Ұл өссе – үйге құт.

***

Қызды ауылдың иті жатпас.

***

Қыз қылығымен сұлу.

 

Дереккөз: http://massaget.kz/

Көктем мезгілі – сұлулық пен жаңа өзгерістер кезеңі

$
0
0

 

Көктем мезгілі – сұлулық пен жаңа өзгерістер кезеңі

Көктем мезгілі жер дүние жаңарып, жаңашылдыққа бастайтын кез. Сонымен қатар әйел заты құлпырып, әдемілене түсетін уақыт. Өзгергіңіз келе ме? Өмір сүру қағидаларыңыз ұнамай ма? Ендеше бірге бастайық.

1. Көктем мезгілі ренішті ұмытуға қолайлы кезең.

2. Көптен бері тіл-табыса алмаған адамдармен қауышатын кезең.

3. Шаш үлгіңіз ұнамса, өзгертіңіз.

4. Ашық түсті кимідерді алуға ұмтылыңыз.

5. Көп уайымға салынбаңыз, қайғыны ұмытыңыз.

6. Өзіңізге ұнаған, қалаған затыңызды алыңыз.

7. Ерте тұруға дағдыланыңыз.

8. Бос уақытыңыз табыла қалса, өзіңізге көңіл бөліңіз.

9. Спортпен шұғылданыңыз.

10.Әрбір әйел өзінше сұлу, кербез, әдемі. Өзін сұлу емеспін дейтін жандар, өзіне көңіл бөле аламай жүрген адамдар.

Көктем біздерді бақытты болуға, жаңаруға ынтықтырады. Әйел затын сұлу болуға шақырады және өзгеруге нағыз қолайлы мезгіл. Ой түбінде жүрген жандарға шабыт пен жүректің сылдыр сазын сыйлайды.

Ал көктем мезгілі сіздерге несімен ерекше?

Дереккөз: anabol.kz

Қазақ қызының сұлулығы қалай бағаланған?

$
0
0

 

Қазақ қызының сұлулығы қалай бағаланған?

Қыз бала тәрбиесі қашанда қоғамның назарынан тыс қалып көрген жоқ. Атам қазақ ешбір жарғы, нұсқау жазып әуре болмай-ақ әрі қысқа, әрі нұсқа нақылдармен тәрбие тағылымының тамаша үлгісін түйіп айтып отырған. «Қыз-қонақ» деп төрінен орын беріп, қыздарды алтынның сынығына балап өсірген.

Халық арасында бойжеткен қыз ажарына қарай алтыға бөлінген.

1. Әдемі қыз – баппен сөйлеп, биязы күліп, жақсы-жаманның жөнін біліп тұратын.

2. Көрікті қыз – істі үйіріп, сөйлесе бұйырып, баурап алатын, бірден көзге түсе қоймайтын.

3. Әсем қыз – жүзі жылы, өзі ұяң, тәні нәзік.

4. Ажарлы қыз – дене бітімі жинақы, сөзі салмақты, ісі тиянақты.

5. Шырайлы қыз – көз жанары өткір, бет әлпеті бал-бұл жанған, тәні шымыр.

6. Ару қыз – бет пішіні, дене мүсіні келіскен, сөзі сыпайы, өзі әлпетті, сұңғақ бойлы, терең ойлы. 

 

Дереккөз: http://massaget.kz/

22 - НАУРЫЗ. ҰЛЫ КҮН – НАУРЫЗ!

$
0
0

22 - Наурыз. Ұлы күн – Наурыз! 
Сабырбаева Лаура Жанасбекқызы
Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Ақсу ауылы
№116 орта мектептің "Ер Төстік" шағын орталығының тәрбиешісі


«22 - Наурыз» Ұлыстың ұлы мейрамына орай ұйымдастырылған
«Ұлы күн – Наурыз!» атты ертеңгілігімізің сценарийі.


Мақсаты: Балаларға ұлыстың ұлы күні туралы мағлұмат беру; Балаларды елін, Отанын сүюге, ұлттық салт – дәстүрін дәріптеуге тәрбиелеу; Имандылық , инабаттылық, ізеттілік қасиеттерін қалыптастыру.
Ұйымдастыру кезеңі: Бөлме іші мерекеге сай безендіріледі. Балалар ұлттық киімдермен келеді. Би биленеді. Таспадан «Наурыз думан» әні ойналады.
Көрнекілігі: «Ұлы күн – Наурыз!» газеті. Ұлттық нақыштағы бұйымдар. (Домбыра, сәукеле, дорба, ыдыс – аяқ, т.б.) Барысы. Жүргізуші: Құттықтау сөзді мектеп директоры Нұржан ағайға береміз!
Жүргізуші: Құрметті қонақтар, ұстаздар , балалар! Сіздерді ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймыз. Дендеріңізге саулық, бастарыңызға байлық тілей отырып «Ұлы күн – Наурыз!» атты ертеңгілігімізге қош келдіңіздер!
Ән: «Біз - өмірдің гүліміз» хор Жүргізуші: Би билейік бәріміз! Егін өңін толқытқан Елдің көңілін шалқытқан Бас иеміз – Наурыз!
Би: «Қамшы» Айдын, Қыдырәлі, Нұртай, Жандәулет.
Жүргізуші: Естіген жұрт толғанар, Бізде сондай әнші бар. Тамылжытып ән салар, Енді соны тыңдаңыздар!
Ән: «Мен әдепті баламын» орындайтын Қожабай Назерке
Мерекеге арналған балалардың тақпақтары:
Нұртай: Арпа бидай бастаған, Жеті дәмнен аспаған. Наурыз көже ежелден Бұл тойдағы бас тағам.
Айдын: Оятып шыңмен асқарды, Ерітіп мұз бен ақ қарды. Нұрландырған даланы, Наурыз – көктем басталды!
Ақзира: Ән қосылсын әніңе Сән қосылсын сәніңе. Ырысты боп Жаңа жыл! Бақ дарысын бәріңе!
Жандәулет: Келді Наурыз жар салып, Берекелі ән салып. Жылда келсін ұлыс күн, Тұрайық есен қарсы алып.
Жаннұр: Наурыз гүл көктем Сәні ай арайлы Күлімдеп күн көктен, Нұр шашып қарайды
Нұртөре: Ой қосылып ойыңа, Бой қосылып бойыңа! Аман – есен жүрейік, Келесі Наурыз тойына!
Назым: Құтты болсын, Наурыз Арманымыз әніміз. Наурызды қарсы алып, Қуанамыз бәріміз!
Қайсар: Ей, балалар, балалар! Енді маған қараңдар! Наурызды тойлайық, Қызық ойын ойнайық.
Назерке: Оятып шыңмен асқарды, Ерітіп мұз бен ақ қарды. Нұрландырған даланы, Наурыз – көктем басталды!
Қыдырәлі: Осыншама жақсылық, Алып келген Наурызым. Төрлет бізге нұр беріп, Шуақ шашып ақ жүзің.

Жүргізуші: Наурыз тойы - елдің тойы, Көктем тойы – төлдің тойы. Ән айтатын күні бойы, Жақсы көрем Наурыз тойын!
Ән: «Наурыз» хор
Жүргізуші: Қазақтың ұлттық ойындарының бірі қыз қуу. Ойын шарты: бір ұл, бір қыз қатысады. Ұл бала қызды қуып жетіп бетінен сүйеді, ал жете алмай қалса, қыз жігітті қамшымен ұрады. Ойынға қатысатындар: Нұртөре мен Жаннұр
Жүргізуші: Қазақтың ұлттық дәстүрінің бірі «Бесікке салу» рәсіміне кезек берейік!
Жұргізуші: Наурыз – шыр айналған жылдың басы, Адамның өлшенеді өмір жасы. Қазақтың пейіліне, жарасады, Әр үйде дастарқанға толған асы.
Ән: «Төлдер» орындайтын: Ақзира, Нұртай, Жаннұр.
Жүргізуші: Барша ата – аналардың құрметіне Лаураның «Наурыз думан» әнін қабыл алыңыздар!
Қорытынды сөз: Ата – аналарға беріледі.
Жүргізуші: Осымен «Балдырған» тобының Наурыз тойы аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет! Наурыз құтты болсын!

 

Қазақша сценарий: 22 Наурыз - Наурыз мейрамы (Қош келдің, әз Наурыз!)

$
0
0


Қазақша сценарий: 22 Наурыз - Наурыз мейрамы (Қош келдің, әз Наурыз!)
Тақырыбы: Қош келдің, әз Наурыз!
Мақсаты: Наурыз мейрамы туралы түсінік беру арқылы Қазақ халқының салт – дәстүрін көрсету және оны құрметтей білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: «Наурыз - 2012» газеті, нақыл, қанатты сөздер, киіз үй, дастархан, суреттер көрмесі.

Барысы: Кіріспе.
Мұғалім: - Армысыздар, ұстаздар, ата – аналар, қонақтар! Бәріміздің асыға күткен Наурыз тойымыз келіп жетті. Тойларыңыз құтты болсын!
Наурыз – «жаңа күн» деген сөз. Бұл күн – біздің ата – бабаларымыз, арғы тегіміз мыңдаған жылдардан бері тойлап келе жатқан жыл басы мерекесі. Наурыз тойымыз құтты болсын! Ұлыстың ұлы күні деп аталған Наурызда денсаулықтарыңыз мықты болсын, тілектеріңіз қабыл болсын!
1 – жүргізуші: Наурыз – көктем мерекесі.
Наурыз – жыл басы.
Наурыз – жаңа серпін, жаңа леп.
2 - жүргізуші: Наурыз – қуаныш мерекесі,
Бақыт пен шаттық мерекесі.
1 - жүргізуші: Наурыз – шаруаның мерекесі.
Наурыз – еңбек мерекесі.
2 - жүргізуші: Армысыңдар, халайық,
Бармысыңдар, халайық.
Наурыз тойын жұп жазбай
Жылда қарсы алайық.

1 - жүргізуші: Ал, халайық, тұрмайық,
Әндетейік жырлайық!
Ортамызды ашайық,
Ырыс тілеп бұл жылға,
Жырдан шашу шашайық!

Хор: «Наурыз той»

Ая: Қыс өтіп қар кетті,
Жырлайық жаз жетті.
Мейрамы ежелден
Құтты болсын Наурыз!

Жазира: Әнім де саған, биім де,
Құт қонақ өзің үйімде.
Қуаныш сыйлар еліме,
Күлімде, Наурыз, күлімде.

Айжан: Күн менен түн теңелді,
Жер шуаққа кенелді,
Қуанышта ел енді.
Наурыз келді салтымыз:
Көгерсін деп халқымыз
Көшеге тал егеді.
Наурыз тойы - береке,
Наурыз тойы – жыр – аңыз.

Мұғалім: Наурыз айы – Шығыс күн есебі бойынша жылдың алғашқы айы. Бұл айда жылдың алғашқы айы есебінде күн мен түн теңеледі, сол себептен Наурыз жыл басы болып саналады.

1 - жүргізуші: Жауқазындай жайқалған гүлдерміз біз,
Ұтармыз біз, қолдасаңыз сіз.
Бақыт, шаттық, көңілге арман тілеп,
Өмірде болмасыншы ызғар мен сыз.

2 - жүргізуші: Құрметті қонақтар мен ұстаздар! Біздің сыныбымыздың оқушылары өзара бақ сынасып, сайысқа түспекші. Ендеше, көп күттірмей сол оқушыларымызды ортаға шақырайық.
1 – жұп: Дильназ бен Арсен
2 – жұп: Бержан мен Гүлжан
3 – жұп: Меруерт пен Айдын

1 - жүргізуші: Сайыс бағдарламасы 5 байқаудан тұрады.
1 – бөлім: «Кел, танысайық»,2 - бөлім: «Ағаш көркі жапырық», 3 - бөлім: «Өнерлі өрге жүзер», 4 - бөлім: «Мені жалғастыр», 5 – бөлім: «Ою ойғанның ойы ұшқыр».
2 - жүргізуші: Әділ – қазы береді,
Өздеріңе сыйлықты.
Бізге айтып береді,
Кім өнерлі, кім мықты? - деп әділ – қазылар алқасымен таныстырып өтеді.

Нұрдос: Ақпан кетті араз боп Наурызбен,
Наурыз жүр жоғалған бағын іздеп.
Көктем жетті көрісіп, жанын үзген
Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен.
Назгүл: Наурызды тәңір бізге нәсіп еткен,
Мейірім танысын деп тасып өткен.
Наурыз сән – салтанат, ұлттық рух,
Бақытты Наурызы бар халқым неткен!

1 - жүргізуші: Деген екен Қазақ халқы «Сәлем – сөздің анасы,»
Біледі оны еңкейген қарт, еңбектеген баласы.
Амандасу – ізгіліктің, сыпайылықтың белгісі,
Сәлем достар! Амансың ба? Қалайсың? – деп «Кел, танысайық!» атты бөлімімізді бастаймыз. Ортаға сайыскерлерімізді шақырамыз.

2 - жүргізуші: Келесі бөліміміз «Ағаш көркі жапырақ» деп аталады. Бұл бөлімде сайыскерлеріміз жапырақтарды алып, ондағы сұрақтар жауап береді. Жауап берген соң жапырақты мына талға іліп, ағашты безендіреді.
1 – сұрақ: Абайдың шын аты кім? (Ибраһим)
2 – сұрақ: 1 дециметрде неше сантиметр бар? (10см)
3 – сұрақ: Адам өміріне қажетті 5 жағдай...(ауа, тағам, жылу, жарық, су)
4 – сұрақ: Қызыл кітап не үшін қажет? (Азайып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктерді қорғау үшін қажет)
5 – сұрақ: Зат есім дегеніміз не? (Заттың атын білдіретін сөздерді зат есім дейміз. Зат есімдерге не? Нелер? кім? Кімдер? Деген сұрақтар қойылады. Зат есімнің жалпы, жалқы жекеше, көпше сияқты түрлері бар.)
6 – сұрақ: Жұмбақ
Ағаштардың көсемі
Мәңгі жасыл бұтағы.
Мекен ғып тау өлкені,
Кәусар ауа жұтады. (Шырша)

Альбина: Наурызым ғажап туысың,
Ұлыстың ұлы күнісің.
Жылыттың жердің жүрегін,
Жүрегі елдің жылысын.

Берекет: Наурызым - тойлы нұрлы күн,
Мерейің асып тұр бүгін.
Жерімнің жүзін жылыттың,
Елімнің сақта бірлігін!
Ән: «Аққуым менің» Орындайтын Оразбаева Ая.

1 - жүргізуші: Кедеймін деп қысылма,
Өнерің болса қолыңда.
Өнерлінің ырысы
Жарқырап жатыр жолында.
Сайыста ән салайық, би билейік,
Өнермен өрге басып кідірмейік.
(Әр жұп өз өнерлерін көрсетеді.)

Ақмерей: Арда өсіп, адал емген ақ уызың,
Қалдырған ғасырларға нәрлі ізін.
Көк бөрілі байрағын желбіретіп,
Көк түріктер тойлаған Наурызым.

Аркен: Наурыз – достық, Наурыз – күн,
Барша халық бірлігі.
Тағы келді Ұлыс күн,
Жалғасып ғалам тірлігі.

Ақниет: Наурыз тойы – береке,
Наурыз тойы – жыр – аңыз.
Қызық думан - мереке,
Қызық думан құрамыз.

2 - жүргізуші: Келесі бөлім «Мені жалғастыр» деп аталады. Бұл бөлімде карточка алып, ішіндегі мақалды немесе өлең жолдарын жалғастырады.
Ортаға барлық сайыскерлерімізді шақырамыз.
1) Әдепті бала – арлы бала,
.............................................

Өлеңді жалғастыр
................. тоңбаймын,
.................. қорғаймын.
Ойынға бір. ..................
Секеңдеуді . ....................

2) Таулы жер бұлақсыз болмас,
...................................................
Өлеңді жалғастыр.
..................... сайрайды,
..................... жайнайды.
...................... құлпырып,
....................... сыйлайды.
3) Бір тал кессең -. .........................
Өлеңді жалғастыр.
................. атпаймыз,
................. сатпаймыз.
.................. қорғаймыз,
................. ақтаймыз.

1 - жүргізуші: Сырмақ ойып, текемет, киіз басқан,
Өнерлі шеберлер бар даңқы асқан.
«Шеше көреген тон пішер» деген рас,
Қыздарымыз шебер қолға араласқан, - дей отыра қыздарымыздың ою оюының кереметін тамашалайық. Ортаға қыздарымызды шақырайық.

2 - жүргізуші: Енді ұлдарымыздың мергендігі мен шыдамдылығын анықтау мақсатында асық атып жарыстырайық. Ортаға ұлдарымызды шақырайық.

1 - жүргізуші: Көрсетті өнерлерін жаңа ғана,
Сыналып үлкендерден үлгі алуға.
Салты бар өнерлі осы ортада,
Берер деп әділ – қазы әділ баға – деп, әділ – қазыларға сөз кезегін береміз.

2 - жүргізуші: Келер күнге бар үмітті табынтып,
Бар халықты қуантатын бұл қай кез?

Хормен: Наурыз!
1 - жүргізуші: Шашу! Шашу!
Көп шашайық шашуды,
Жауғандай кеп аспаннан нөсер жаңбыр.
Уа, жамағат, теріп ал несібіңді,
Ризығың болсын көл – көсір!

2 - жүргізуші: Қашанда құт – береке орнасын деп,
Тойларда шашу шашу - салты елімнің.
Уа, халайық! Теріп ал несібіңді,
Қабыл болсын, жамағат, ақ тілеуің!
Құттықтау сөз директордың бастауыш сыныптар бойынша оқу – тәрбие жөніндегі орынбасарына, ата – аналарға беріледі.

 

 


22 НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ! ҚҰТТЫҚТАУ. ТІЛЕКТЕР

$
0
0

22 наурыз мерекесі құтты болсын!

Ата, асқар таудай ақылшым, бұл күні берген ақ батаң қабыл болсын! Немере-шөберелеріңнің қызығын көріп, көпті көрген тағылымыңмен бала-шағаның бағдаршамы болып жүре бер! Төрт түлігің ақты болсын! Өрісің малға, үйің жанға толсын!

Әже, тәлім-тәрбиенің көмбесі, өнегең мен тәлімің түгесілмесін! Наурыз мерекесі саған дүниенің бар жақсылығын әкелсін!

Әке, Ұлыстың ұлы күні 22 наурыз саған көктем күнінің күшін әкелсін! Шаңырақтың сүйеуі, отбасының тірегі болған сүйікті әкем, саялы бәйтеректей алақаныңнан жылу кетпесін!

Ана, 22 наурызда шаңырағымызға береке, ырыс кірсін! Әз Наурыз әлемді тербеткен ақ жүрегіңе қуаныш пен шаттық сыйласын! Бала-шағаңның қызығын көруге жазсын!

Бауырым, тай құлындай тебісіп бірге өскен ардақты жан, 22 наурыз күні арманың орындалып, көктем саған бар жақсылығын әкелсін! Отбасының еркесі, жанарымыздың нұры, ата-ананың ақ үмітін ақтап, өмірден өз орныңды тапқайсың!

Досым, ыстық-суықты бірге көрген жанымның бөлшегі, саған көктем күнінің шуағын тілеймін! Келесі 22 наурызда да бір-бірімізге ыстық тілектер айтып отыруға жазсын!

Әріптесім, 22 наурыз құтты болсын! Жеке өміріңе бақыт, жұмысыңа шығармашылық шарықтау тілеймін!

Көк Тәңірі нұрыңды аяма,

Жер тәңірі ырысыңды аяма!

Әділ жанды тағынан тайдырма,

Әз халықты бағынан айырма.

Басыма бас қос,

Жасыма жас қос,

Асыма ас қос!

Аяулы халқым, қыстан аман-есен шығып, наурыз мерекесін үлкен қуанышпен тойлап жатқан жалпақ жұрт, 22 наурыз мерекесі баршаңа жаңа бақытты өмір әкелсін!

Ақ таңыңыз күлімдеп ата берсін,

Қариялар кемсеңдеп бата берсін.

Наурыз мерекесі күлімдеп кеп,

Ұлыстың ұлы күні бақ әкелсін!

Жылыстап жеткен Жаңа Жылымыз - төл мерекеміз 22 наурыз арда халықтың басына бақ құсын қондырсын!

Молшылық, бақыт, береке, бірлік, бейбіт өмір тілейміз!

Мектепте сатушысы жоқ дүкен ашылды

$
0
0

 

Мектепте сатушысы жоқ дүкен ашылды

Өскемендік оқушылар мектептерінде сатушысы жоқ шағын дүкен ашты.

Сауда сөресіне бірнеше сусын және тәтті тағамдар қойылды. Ал есігіне тауарлардың бағасы мен бұл қызметтің адалдықты тексеруге арналған әдіс екендігі түсіндіріліп жазылды. Талап бойынша кез келген тауарды сатып алғысы келген оқушы оның ақысын арнайы жәшікке тастап кетуі тиіс. Басында дүкен 20-30 пайыз шығынға ұшырған. Алайда кейіннен сатып алушылар өздерінің адалдықтарын білдіріп, тауар құнын жәшікке қалдырып отырған. Сондықтан жүйе өз нәтижесін берді. Алғашында тек ғылыми-зерттеу жобасы ретінде ашылған дүкен енді мектеп ішінде біржолата жұмысын жалғастыра бермек. Өйткені бұл бастаманың адамды жауапкершілікке әрі әділдікке баулитыны байқалған.

Айғаным Сейітова, мектеп оқушысы: - Бұл акция балаларды шыншылдыққа, өзін жақсы ұстауға, өтірік айтпауға үйретеді. Балалар осы жобаның аяғында өздері шыншылдықты үйренеді деп ойлаймыз. Салған қаржының барлығы 100 пайыз өзін-өзі ақтауда.

Дереккөз: 24.kz

Назарбаевтың тапсырмасынан кейін Қазақстан бескүндік оқу аптасына көшеді

$
0
0

 

Назарбаевтың тапсырмасынан кейін Қазақстан бескүндік оқу аптасына көшеді

Назарбаевтың тапсырмасынан кейін Қазақстан бескүндік оқу аптасына көшеді. Бұл туралы ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтып берді.

"Қазір біз тапсырманы орындап жатырмыз, сондықтан да сіздерге бұл жөнінде кейін толығырақ айтып береміз. Менің ойымша, бұл дұрыс тапсырма. Дайындыққа көп уақыт кетеді деп ойламаймын. Алдағы айда бірдеңе белгілі болып қалуы мүмкін. Менің ойымша, мұндай жүйеге көшуге 3-4 жыл уақыт керек. Президент тапсырма берді, сондықтан да өзгерісті күту керек", - деді Сағадиев.

Айта кетейік, Назарбаев бұған дейін мектептерде бескүндік оқу стандартын енгізу мәселесін талқылауды тапсырған болатын. "Дамыған елдердің мектептерінде бескүндік оқу аптасы енгізілген. Бұл баланың қайтадан қалпына келіп, педагогтың демалып, сабаққа дайындалуына мүмкіндік береді. Олардың кейбірінде, тіпті, сабақ аптасына төрт күн ғана болады. Мұндай форматқа өту - дамыған елдерге ортақ тренд", - деді Мемлекет басшысы.

Дереккөз: tengrinews.kz

ҚР БҒМ 9-12 сынып оқушылары үшін Кәсіптік бағдар күнін енгізуде

$
0
0

 

ҚР БҒМ 9-12 сынып оқушылары үшін Кәсіптік бағдар күнін енгізуде

ҚР Білім және ғылым министрлігі жалпы білім беретін мектептердің  9-12 сынып оқушылары үшін Кәсіптік бағдар күнін енгізуде. Аталған шаралар оқушылардың оқу барысына кедергі келтірмей, жоғары оқу орындарын жарнамалауды жүйелік реттеу мақсатында енгізілген.

Енді кәсіптік бағдар күні әр айдың 2 және 4-сенбі күндері 2 академиялық сағат ішінде өтетін болады. Мектептер үшін бірыңғай стандартты кесте жасалады, ол бойынша жоғары оқу орындары мектептерде оқушылармен кездесу өткізу жөнінде өтінім береді. Жалпы білім беретін мектептер өтінім берген жоғары оқу орындармен тоқсан сайын Кәсіптік бағдар күнін өткізу кестесін жасайды.

Егер жоо оқушыларды тестілеуден өткізуді жоспарласа, онда оны мектептен тыс немесе жоо мен колледжде өтетін Ашық есік күндері шеңберінде өткізуге тиіс.

Кәсіптік бағдар күні шеңберінде өтетін кездесулер әр жоо-ға мектептерде ақпараттық жұмысты өткізуге құқық бере отырып, кешенді кәсіптік бағдарлау жүйесін құруға мүмкіндік береді. Бітіретін сыныптар оқушылары өзекті мамандықтар мен білім алу мүмкіндіктері туралы ақпарат алады. Кездесулерді сенбі күні өткізу ата-аналарға балалармен бірге жоо-лармен және колледждермен танысуға жағдай жасайды.  

Дереккөз: edu.gov.kz

Юрий Мельниченко мен Ермахан Ыбрайымов оқушыларға дене шынықтырудан ашық сабақ өткізді (ФОТО)

$
0
0

 

АСТАНА. ҚазАқпарат - Олимпиада чемпиондары Юрий Мельниченко, Ольга Шишигина мен Ермахан Ыбрайымов Астана мектептерінің бірінде оқушылар мен ұстаздарға дене шынықтыру пәнінен ашық сабақ өткізді.

Аталған шара 7 сәуір күні тойланатын Денсаулық күні қарсаңында ұйымдастрылуы тегін емес.
Оқушыларға арналған алғашқы сабақ Астана қаласы №56 мектепте өтті. Айта кету керек, осындай сабақтар 7 сәуірде ғана емес, оқу жылы аяқталғанша өткізіліп тұрмақ. Осылайша, 9 және 16 жас аралығындағы оқушылар Олимпиада чемпиондарының сабақтарына қатысатын болады.

Сабақтың басты ерекшелігі - онда түрлі фитнес-технологиялар қолданылады. Бұл оқушылардың спортқа, салауатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығын арттырады, деп санайды ұйымдастырушылар.

Елордада даңқты спортшылар 5 мектепте 25 сабақ өткізбек. Бұл туралы 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының чемпионы, «Астана» президенттік спорт клубының менеджері Юрий Мельниченко мәлім етті.

«Егер бала жастайынан спортқа берілсе, дене шынықтырумен шындап кіріссе және ол оған қуаныш сыйласа, олар спорттық пәндердің күнделікті өтуін өздері-ақ сұрайтын болады. Сабақтың қызықты өтуі оның әдісіне, ұйымдастырылуына қатты байланысты. Біз тек оқытушылар мен балаларға біз білетін қызықты дене шынықтыру әдістерін көрсеткіміз келеді», - дейді Ю. Мельниченко.

«Балалардың дені қазір өте сылбыр. Осы сабақтар арқылы біз балалардың көңілдерін көтеріп, спорттық үйірмелерге қатысуға итермелей аламыз деп ойлаймын», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Сидней-2000 Олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина.
Аталған жобаның авторлары осы тәжірибені кейін республиканың барлық аймақтарына таратуды көздеп отыр.

null null null null null null

 

Viewing all 224 articles
Browse latest View live